Необанктер дегеніміз не, Қазақстанда олардың дамуына не кедергі және мұндағы мобильді операторлардың орны қандай? Осы және басқа да мәселелер бүгін Алматыда Eurasian Mobile Summit 2024 жеке панельдік сессиясында талқыланды. Сарапшылардың пікірінше, бүгінде телекоммуникациялық компаниялар трансформацияланып, өз мүмкіндіктерін кеңейтіп, пайдаланушыларға кең ауқымды, оның ішінде қаржылық қызмет түрлерін ұсынуда.
Байланыс операторлары пайдаланушыларға қызықты, бірақ транзакциялар сомасының аз болуына байланысты банктерге қызықсыз салалардағы қаржылық төлемдер базасында жаңа экожүйелерді құра отырып, қаржылық шешімдерді өз сервистеріне кіріктіруге тырысуда. Алайда жаңа мүмкіндіктермен қатар сын-қатерлер де туындайды.
«Бізде шоттар, клиенттік база, инфрақұрылым және технологиялар, сондай-ақ абоненттерді ғана емес, кез келген шоттарды енгізуге мүмкіндік беретін биллингтік жүйе бар. Беларусь пен Украинада сымсыз контентті ғана емес, билет сатып алуды, коммуналдық қызметтерге ақы төлеуді және басқа да қызметтерді қоса алғанда, мобильді операторлар үшін рұқсат етілген операциялардың кең ауқымы бар. Бұл банктер үшін маржиналдылығы мен кірістілігі төмен қызметтер. Тиісінше, қаржы институттары олардың дамуына мүдделі емес. Олар мұны қосымша жүктеме ретінде қабылдайды. Осы тұрғыда Қазақстанда тиісті органдар осындай бастамаларды іске асыруға мүмкіндік берсе, осындай функцияларды мобильді операторлар өз мойнына ала алар еді», — деді «Кселл» АҚ мобильді қаржы сервистерінің жетекшісі Сергей Коптик.
Необанктер термині жақында ғана пайда болды және банктік қызметтерді цифрлық платформалар, яғни мобильді қосымшалар мен веб-сайттар арқылы ғана, физикалық бөлімшелері жоқ және толығымен онлайн ұсынатын қаржы мекемелерін осылай атайды. Осының барлығы оларға бірқатар бәсекелестік артықшылықтар береді — смартфон немесе компьютер арқылы 24/7 қызметтерге қол жеткізу, төменірек комиссиялар мен мөлшерлемелерді ұсынуға мүмкіндік беретін физикалық бөлімшелерді ұстауға жұмсалатын шығындардың болмауы, сондай-ақ операциялар процестерді автоматтандырудың арқасында тез орындалады.
«Ағымдағы кедергілерді еңсеру жолында телеком ұйымдар оңай интеграцияланып, тендер мен технологияларды әзірлеу сияқты қосымша қиындықтарсыз төлемдерді жүзеге асыра алуы үшін инфрақұрылымның ашықтығын қамтамасыз ету қажет. Оның үстіне процесті жеңілдетіп, бизнеске әрекет етуге мүмкіндік беретін бірыңғай стандарттарды енгізу маңызды», — деп түйіндеді Сергей Коптик.
Панельдік сессия нәтижесінде қатысушылар необанктер өздерінің икемділігі мен ыңғайлылығына байланысты, әсіресе жас және технологияны жақсы білетін пайдаланушылар арасында танымал бола түсуде деген қорытындыға келді, енді тек нормативтік базаны бейімдеу мен операторларға олар жақсырақ, арзанырақ және жылдамырақ жасай алатын белгілі бір банктік қызметтер мен сервистерді ұсыну мүмкіндігін беру ғана қалды.
Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз