Алматыда «Жезтырнақ» атты бірінші этно-мистикалық комедияның түсірілімі аяқталды. Қазақ халқының аңыз-ертегілеріне негізделген фильм адам қанымен қоректенетін жойқын күшке ие, жылдам әрі мықты құбыжықтар жайлы. Вампирлерден айырмашылығы — жезтырнақтар күміс пен күндізгі жарықтан қорықпайды. Тылсым сыры бар картинаны түсіру кезінде түсініксіз жағдайлар болды. Дайындық пен түсіру жұмыстары бір жылдан астам уақытқа созылды. Кейде ауа райы қолайсыз, ал кейде аяқ астынан электр жарығы сөніп қалған кездер де болды. Алайда, ең ауыр жәйт басты кейіпкердің аттан құлауы еді.
Динара Мирасбек атпен шауып келе жатып, абайсызда құлап түсті. Батыс Қазақстан өңірінен шыққан актриса жұмыс барысында атпен жиі шауып, олардан еш қорықпайтын. Күрделі трюктер үшін әрбір актерге каскадер тағайындалғанмен, түсірілім кезінде күтпеген оқыс оқиғалар болып, жұмыс кестесін өзгертуге тура келді.
«Құлағаннан кейін, киноға қайтып түспеспін деп те ойладым. Бірақ толық қалпыма келмесем де, уақыт өте келе, өнерсіз өмір сүре алмайтынымды түсіндім. Көмегін аямай, қолдау көрсеткен ұжымға алғысым шексіз. Олар түсірілімді кейінге шегеріп, менің қайта қалпыма келуімді күтті. Үзіліс жарты жылдан астам уақытқа созылды. Мен жұмысқа оралып, кейіпкерім Айнаны қайта ойнайтын сәтті тағатсыздана күттім. Айна – мықты, мейірімді және ешкім білмейтін сыры бар қыз», — дейді Динара Мирасбек.
Көріністердің көбі қараңғы кезде арнайы құралдардың көмегімен түсірілгендіктен, жұмыс оңай болған жоқ.
«Сценарий жазып, дайындалу, команданы жинау, кастингтер мен актерлік құрамды бекіту шамамен жарты жылға созылды. Түсірілім кезінде басты кейіпкерлердің бірі аттан құлап түсті. Оның қайта қалпына келуіне бар күшімізді салдық. Осылайша, түсірілім жұмыстарын жарты жылға кейінге шегеруге тура келді. Түнгі түсірілімдер жұмысты қиындата түсті. Сол себепті, біз черепикерлер, телескопик секілді арнайы құралдарды пайдаландық. Маусым айының ортасында жұмыс аяқталды. Сонымен қатар, түсірілім барысындағы үзілісте қазақстандық продакшн-студиялардың ішінен бірінші болып Вьетнамда «Кімге керексің?» атты фильм шығардық», — дейді лентаның бас продюсері Сәбит Рахимбаев.
Жезтырнақ – мультижанрлық фильм. Онда фэнтези, экшен, қорқынышты фильм мен комедия элементтері бар. Түсірілімге әлемде кеңінен танымал Nomad каскадерлар тобы қатысты. Олар «47 ронинов», «Мулан», «Неудержимые», «Томирис» және тағы басқа жобаларға қатысқан.
«Біз жезтырнақтар шайқасын жарты жылдай әзірледік. Арнайы трюктар қойып, дайындалдық. Олардың бәрін режиссер және операторлар тобымен талқылап, бекіттік. Түсірілім барысында кей заттарды өзгерттік. Жоба үшін қатты уайымдадық. Өйткені, ол біздің тарихымызбен байланысты. Жезтырнақ – жойқын күш иесі, өте жүйрік. Ештеңеден қорықпайтын мифологиялық бейнелер. Осының бәрін трюктарымызда көрсеткіміз келді», — деді трюктарды қоюшы Еркебұлан Сүлейменов.
Фильмге қатысатын актерлер арасында: Есентай Ниязбаев, Динара Мирасбек, Назгүл Қарабалина, Дінислам Нұрмағанбетов, Сағызбай Қарабалин, Досжан Жанботаев, Сағаділдә Үсіпәлі, Гүлмира Жаклина, Ербол Әлмұхан, Асан Мәжит және тб. бар.
«Мен үшін театр басты орында, сол себепті киноға сирек түсемін. Бірақ, маған картина режиссері Әнуар Матжанов хабарласып, синопсисті жібергенде, қызығып кеттім. Біріншіден, жезтырнақтар жайлы оқиғаның өзі ерекше. Сонымен қатар, кейіпкерім де қызықты. Ол ең мықты жезтырнақтардың бірі Мүхирия. Сондықтан осы ауқымды жобаға қатысуды ұйғардым», — дейді актриса Назгүл Қарабалина.
Фильм продюсерінің айтуынша, жұмыстық толық аяқталуына бірнеше ай қалды. Постпродакшн жүргізу керек. Ал кинотеатрларда 2024 жылдың 14-қарашасынан бастап көрсетіледі.
Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз