---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://qazaqpress.kz/2024/07/24/%d2%9br-avto%d3%a9nerk%d3%99sibi-2024-zhyldy%d2%a3-al%d2%93ash%d2%9by-zhartyzhyldy%d2%9b-%d2%9borytyndysy/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# ҚР АВТОӨНЕРКӘСІБІ: 2024 ЖЫЛДЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖАРТЫЖЫЛДЫҚ ҚОРЫТЫНДЫСЫ

![ҚР АВТОӨНЕРКӘСІБІ: 2024 ЖЫЛДЫҢ АЛҒАШҚЫ ЖАРТЫЖЫЛДЫҚ ҚОРЫТЫНДЫСЫ](https://qazaqpress.kz/app/uploads/2024/07/photo-2024-07-24-13-10-38.jpg)

**ҚР Ұлттық статистика бюросының берген мәліметі бойынша 2024 жылдың алты айында Қазақстанда жалпы сомасы 814,4 млрд теңгені құрайтын 62 435 бірл. техника шықты.**

Өндіріс көлемі былтырғы жартыжылдықпен салыстырғанда **14,6%** түскенмен, саланың машинажасаудағы үлесі 40% деңгейінде қалып отыр. Өндіріс көлемінің азаюына негізінен нарықтағы өзгеріс себеп болды. «Сұр» дилерлердің ЕАЭО-ның Техникалық регламентіне сәйкес келмейтін бақылаусыз импорты ескі де, жаңа да автомобильдерді оңды-солды жеткізуі әлі де елдің экономикалық қауіпсіздігіне қауіп төндіреді және  тұтынушылар үшін күрделі мәселе тудырып отыр.

**Анар МАҚАШЕВА, ҚАО президенті:** *«2023 жылы Қазақстанда 200 мыңға жуық жаңа автомобиль сатылды, оның 70%-дан астамы — отандық өнім. Нарық айтарлықтай өспесе де, біздің өндірушілердің үлесі әлі де жоғары. Қазірдің өзінде жұмыс орындары көбейгенімен қатар, мультипликатив өсім, яғни автоөнеркәсіппен бірге онымен байланысты орта және шағын бизнес дамып жатқанын байқап отырмыз».*

Автоөнеркәсіптің қарқыны артып, инвестиция тартылып жатыр. Алматы (мультибрендтік зауыты **Chery**, **GWM**, **Changan**) мен Қостанайдағы (**Kia**) екі жаңа зауытынан бөлек автокомпоненттер шығаратын кәсіпорындар болады. Алматыдағы индустриялық аймақта орындық,  мультимедиа құрылғылары, кілемше, дөңгелек аркасын қорғағыш және бүріккіш өндіретін кәсіпорындар бой көтеріп келеді. Қостанайда газ шығару жүйелері мен электробұрау жасалады. Жобалар жүзеге асса, жоспар бойынша 7 мыңнан астам адам жұмысқа тұрады. Аталған жобаларға құйылатын инвестиция сомасы **760 млрд теңгеден** асады.

**«Қазақстанның Автокөлік Одағының» (ҚАО)** дерегі бойынша биылғы алты айдың қорытындысы бойынша Қостанайдағы **Allur** зауыты **38 691** бірлік техника шығарған (**-12,5%**). Алматыда (**Hyundai Trans Kazakhstan, Hyundai Trans Almaty**) **19 330** бірлік жеңіл автомобиль мен коммерциялық техника жасалды (**-22,4%**). Семейдегі кәсіпорындар (**СемАЗ**, **Daewoo Bus Kazakhstan**) **2 528** бірлік коммерциялық көлік шығарды. (**+17%**). Қарағандыда (**QazTehna**) **644** бірлік техника (**+45%**) конвейерге тұрса, Көкшетаудағы **КАМАЗ-Инжиниринг** клиенттеріне **415** бірлік коммерциялық техника жөнелтті (**-24,8%**).

2024 жылғы қаңтар мен маусым аралығында елдегі кәсіпорындар ең көп өндірген бес жеңіл көлік бренді (экспортты қосқанда): **Hyundai** (**19 155** бірл.), **Kia** (**12 967** бірл.), **Chevrolet** (**12 830** бірл.), **Jac** (**6 730** бірл.) және **Jetour** (**5 199** бірл.). Модельдер бойынша ең көп өндірілген: **Chevrolet Cobalt** (**10 534** бірл.), **Hyundai Tucson** (**10 235** бірл.), **Kia Sportage** (**5 769** бірл.), **Jac J7** (**3 192** бірл.) және **Jetour X70** (**2 940** бірл.).

**Анықтама:**

*«Қазақстанның Автокөлік Одағы» (ҚАО) – «Казахстанский Автомобильный Союз» заңды тұлғалар бірлестігі – 2023 жылдың 21 шілдесінде Астанада құрылған коммерциялық емес ұйым.*

*ҚАО құрамына Қазақстанның автоөндірушілер қауымдастығы; Қазақстанның автокомпонент өндірушілері қауымдастығы; Қазақстанның дилерлер қауымдастығы; Қазақстанның жүрген автомобильдерді сату бойынша қауымдастығы; Қазақстанның автосарапшылар және аудиторлар қауымдастығы (автомобильжасау өнімдерінің сәйкестігін бағалау) кірді.*

 

---

Жарияланды: 2024-07-24T08:53:30+06:00

Жаңартылды: 2024-07-24T08:53:30+06:00

Авторлар: [ИА Qazaqpress](https://qazaqpress.kz/author/ia-qazaqpress/)

Айдарлар: [Категориясыз](https://qazaqpress.kz/category/kategoriyasyz/)

Тегтер: 

---

Бұл беттің HTML-нұсқасы келесі мекенжай бойынша қолжетімді: https://qazaqpress.kz/2024/07/24/%d2%9br-avto%d3%a9nerk%d3%99sibi-2024-zhyldy%d2%a3-al%d2%93ash%d2%9by-zhartyzhyldy%d2%9b-%d2%9borytyndysy/

---

Бұл материалды пайдалану барысында дереккөзге сілтеме жасау міндетті.

---

[Ақпараттық агенттігі Qazaqpress ](https://qazaqpress.kz/) — саяси және қоғамдық өмірдің соңғы жаңалықтары. Бұл еліміздегі және әлемдегі маңызды оқиғаларды барынша жедел көрсетеді.