Нөсер жаңбырдан кейін Алматы көшелерін тағы су басты
Алматының кейбір жерасты өткелдері мен көшелерін нөсер жаңбырдан кейін су басты, коммуналдық қызметтер салдарын жоюға кірісіп кетті, деп хабарлайды Qazaqpress ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Алматылықтар әлеуметтік желідеәл-Фараби даңғылының жоғары жағында бұршақ жауғанын және жерасты өткелдері жаңбыр суына толып кеткені туралы жарыса жазып жатыр.
Қала әкімдігінен мәлім еткендей, 10 шілдеде жауын-шашынның мол түсуіне байланысты әл-Фараби даңғылындағы «Есентай-Молл» СОО маңында жаңбыр суы жиналып қалды.
Бұл жерге Бостандық ауданы әкімдігінің мердігер ұйымы және «Алматы су» коммуналдық қызметінің техникасы, Алматы ТЖД сорғы станциясы жіберілді.
Сағат 21:30-дағы жағдай бойынша суды сору аяқталды.
«Сонымен қатар, Жәңгір хан көшесі бойындағы Ерменсай шағын ауданында Алматы қаласы әкімдігінің құтқару қызметінің арнайы техникасы алдын ала жіберіліп, стационарлық сорғылар дайындыққа келтірілді. Жауын-шашын салдарынан судың локальді жиналуы орын алды. Бұл жерде Алматы қаласы әкімдігінің құтқару қызметінің, Бостандық ауданының мердігер ұйымы «Стам Сервис» ЖШС күштері жұмыс істейді, олар «Илосос» арнайы техникасының, сондай-ақ екі стационарлық сорғының көмегімен су соруды жүргізеді», — деп атап өтті әкімдіктен.
Аудан әкімдіктерінде жұмыс өндірісін бақылау бойынша тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды.
«Қазгидромет» РМК болжамынша, түнде ауа температурасы +18…+20°C, ертең түстен кейін +29…+31 және күндіз өткінші жаңбыр жауады деп күтілуде.
Фото: bestnews.kz