---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://qazaqpress.kz/2024/01/18/senat-tmd-elderindegi-sanitariyalyq-qorghawgha-qatysty-zangdy-maquldady/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Сенат ТМД елдеріндегі санитариялық қорғауға қатысты заңды мақұлдады

![Сенат ТМД елдеріндегі санитариялық қорғауға қатысты заңды мақұлдады](https://qazaqpress.kz/app/uploads/2024/01/68c8e2a1-e50f-40af-b880-62e4c673534d.webp)

**Бүгін Сенаттың жалпы отырысында «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы мемлекеттердің аумақтарын санитариялық қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау туралы» Заң мақұлданды, деп хабарлайды Qazaqpress.**

Аталған келісімге 2021 жылғы 28 мамырда Минск қаласында қол қойылған. Құжатқа Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығына қатысушы 11 елдің 8-і қол қойған (Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Тәжікстан және Өзбекстан).

Заңның негізгі мақсаты – ТМД-ға мүше мемлекеттердің аумақтарын санитариялық қорғау саласындағы ынтымақтастық туралы келісімді ратификациялау. Бұл заң осы мемлекеттер азаматтарының санитариялық-эпидемиологиялық салауаттылығын қамтамасыз етуге бағытталған. Құжат халықтың денсаулығын қорғау үшін Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы мемлекеттерінің аумақтарында ықтимал қауіпті тауарлардың өткізілуі және инфекциялық аурулардың сырттан келуі мен таралуы мүмкіндігіне тосқауыл болады.

> «Келісім аса қауіпті аурулардың, сондай-ақ төтенше жағдайларға байланысты инфекциялық аурулардың алдын алу жөніндегі келісілген іс-шараларды жүргізуді көздейді. Аурулардың толық тізбесі осы Келісімнің қосымшасында айқындалған. Бұған дейін, 2001 жылғы Келісімдегі тізбеге 18 ауру кірсе, осы Келісімде 24-ке көбейтіліп, халықаралық медициналық-санитариялық ережелердің талаптарына сәйкес келтіріліп отыр. Келісімде ұлттық заңнамаға сәйкес бақылауға жататын тауарлардың тізбесі де қайта қаралып, Еуразиялық экономикалық одағының елдерінде бақылауға жататын тауарлардың бірыңғай тізбесімен сәйкестендірілді», — деді сенатор Ақмарал Әлназарова.

Сонымен қатар, Келісімде тараптарды жедел хабардар ету, эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізуде практикалық, техникалық көмек көрсету жөніндегі міндеттемелері айқындалған. Төтенше жағдайлардың туындау мүмкіндігіне байланысты аса жұқпалы аурулардың анықталуы мен таралуы және санитариялық қорғау саласындағы ғылыми-зерттеу жұмыстары туралы ақпарат алмасу міндеті енгізілген. Осы мәселелер бойынша әр тараптың өзара іс–қимылын үйлестіру ТМД-ға қатысушы мемлекеттердің бас мемлекеттік санитариялық дәрігерлерінің Кеңесіне жүктеледі.

> «Осы орайда, Келісімді ратификациялау аса қауіпті аурулардан туындайтын төтенше жағдайлардың алдын алуға мүмкіндік береді және еліміздің халық денсаулығына оң септігін тигізеді. Жалпы, Заңды қабылдау теріс және өзге де жағымсыз әлеуметтік-экономикалық және құқықтық салдарға әкеп соқтырмайды», — деді депутат.

---

Жарияланды: 2024-01-18T05:12:15+06:00

Жаңартылды: 2024-01-18T05:12:15+06:00

Авторлар: [ИА Qazaqpress](https://qazaqpress.kz/author/ia-qazaqpress/)

Айдарлар: [Категориясыз](https://qazaqpress.kz/category/kategoriyasyz/)

Тегтер: 

---

Бұл беттің HTML-нұсқасы келесі мекенжай бойынша қолжетімді: https://qazaqpress.kz/2024/01/18/senat-tmd-elderindegi-sanitariyalyq-qorghawgha-qatysty-zangdy-maquldady/

---

Бұл материалды пайдалану барысында дереккөзге сілтеме жасау міндетті.

---

[Ақпараттық агенттігі Qazaqpress ](https://qazaqpress.kz/) — саяси және қоғамдық өмірдің соңғы жаңалықтары. Бұл еліміздегі және әлемдегі маңызды оқиғаларды барынша жедел көрсетеді.