Журналист Сандуғаш Дүйсенова полицияда жалаңаш видеоға түсірілгенін мәлімдеді: ПД жауабы
Жетісу облыстық Полиция департаменті журналист Сандуғаш Дүйсенованың полицейлердің жалаңаш суретке түсргені туралы мәлімдемесіне жауап берді, деп хабарлайды Qazaqpress Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
«БАҚ-та және әлеуметтік желілерде азаматша Д. ұстау кезінде полиция қызметкерлері тарапынан заңсыз әрекеттер орын алғаны туралы ақпарат тарап жатыр. 11 тамызда соттың санкциясымен соталды тергеп-тексеру аясында азаматша Д. жеке тінтуі жүргізілгенін хабарлаймыз».
«Жеке тінту рәсімі тергеуші, криминалист және екі куәгердің қатысуымен (барлығы тiнтілген адаммен бір жынысты) Қылмыстық-процестік кодексінің талаптарына қатаң сәйкес жүзеге асырылды. Осы тергеу әрекетін жүргізу кезінде ғылыми-техникалық құралдарды (бейнекамера) қолдану міндетті және ҚПК-мен реттеледі» делінген Жетісу полициясы таратқан хабарламасында.
Айта кетейік, бұған дейін әлеуметтік желілерде блогер әрі журналист Сандуғаш Дүйсенованың полиция бөлімінде жалаңаш күйде видеоға түсірілгені туралы ақпарат тараған болатын.