Балқаш жылу электр орталығында (ЖЭО) болған апат салдарынан электр қуатын өндіру толығымен тоқтады, деп хабарлайды Qazaqpress Энергетика министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«2023 жылғы 15 маусымда сағат 16.22-де «KazakhmysEnergy» ЖШС-нің Балқаш ЖЭО-да секциялық ажыратқыш зақымданды, соның салдарынан 10 кВ тарату құрылғысы өз электр қажеттіліктерін жоғалтып токтан ажыратылды. Үш қазандық пен үш турбина сөндірілді. ЖЭО генерациясы 110-нан 0 МВт-қа дейін қысқартылды», – делінген бейсенбі күні таратқан хабарламада.
Ақпаратқа сәйкес, сағат 17.10-да электр станциясын айналдыру жұмыстары басталып, қазіргі уақытта бір қазандық пен бір турбина жұмыс істеп тұр.
«Технологиялық бұзушылықты тексеру атомдық-энергетикалық қадағалау және бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша аумақтық департаментінің қатысуымен жүргізіледі», – деп толықтырды Энергетика министрлігі.
Фото дереккөзі: Wikipedia
Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз