---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://qazaqpress.kz/2022/12/16/toqaev-qazaqstandyqtardy-taewelsizdik-kuenimen-quttyqtady/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Тоқаев қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады

![Тоқаев қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады](https://qazaqpress.kz/app/uploads/2022/09/dsc-7575-2_mediumthumb.jpg)

**Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Тәуелсіздік күнімен құттықтады, деп хабарлайды Qazaqpress Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.**

*— Құрметті отандастар!*

*1991 жылғы 16 желтоқсан — төл тарихымыздағы мерейлі белес. Бұл — егемен ел болуды аңсаған ата-баба арманы ақиқатқа айналған ұлы күн.*

*Тәуелсіздік күнінің айрықша мән-мағынасы бар. Азаттық үшін арпалысқан ұлт перзенттерін ел жадында мәңгі сақтау — қасиетті парызымыз. Олардың отаншылдық қасиеті — бүгінгі және болашақ ұрпаққа әрдайым үлгі-өнеге.*

*Біз тамыры терең мемлекеттігіміздің маңызды белестерін ұлықтап, ұлтты ұйыстыратын ортақ құндылықтарды нығайта береміз. Сол арқылы қастерлі Тәуелсіздігіміздің тұғырын биіктете түсеміз.*

*Тәуелсіздік — баға жетпес байлық. Бәріміз оны көздің қарашығындай сақтауымыз керек. Мемлекетіміздің егемендігін, еліміздің амандығы мен жеріміздің тұтастығын қорғау — әр азаматтың қастерлі борышы.*

*Биыл еліміз үшін бетбұрысты жыл болды. Бұрын-соңды болмаған сын-қатерлермен бетпе-бет келдік. Елдігімізге іштен де, сырттан да зор қауіп төнді. Дегенмен мызғымас бірлік пен ырыс-ынтымақтың арқасында барлық қиындықты еңсеріп келеміз.*

*Біз ауқымды саяси және экономикалық реформаларды қолға алып, мемлекетімізді жаңғыртудың жаңа кезеңіне қадам бастық. Бұл бастамаларды табысты жүзеге асыру — әрқайсымыздың қолымызда.*

*Егемен елімізді одан әрі дамыту — алдымызда тұрған басты міндет. Біз осы жолда аянбай еңбек етуіміз қажет. Сонда ғана Қазақстан қуатты мемлекетке айналады.*

*Баршаңызды бүгінгі ұлық мерекемен шын жүректен құттықтаймын!*

*Сіздерге зор денсаулық, бақ-береке тілеймін! Қазақстанымыз өркендей берсін! Қасиетті Тәуелсіздігіміз мәңгі болсын! — деді Президент.*

---

Жарияланды: 2022-12-16T07:19:19+06:00

Жаңартылды: 2022-12-16T07:19:19+06:00

Авторлар: [ИА Qazaqpress](https://qazaqpress.kz/author/ia-qazaqpress/)

Айдарлар: [Басты](https://qazaqpress.kz/category/basty/), [Саяхат](https://qazaqpress.kz/category/sayahat/)

Тегтер: 

---

Бұл беттің HTML-нұсқасы келесі мекенжай бойынша қолжетімді: https://qazaqpress.kz/2022/12/16/toqaev-qazaqstandyqtardy-taewelsizdik-kuenimen-quttyqtady/

---

Бұл материалды пайдалану барысында дереккөзге сілтеме жасау міндетті.

---

[Ақпараттық агенттігі Qazaqpress ](https://qazaqpress.kz/) — саяси және қоғамдық өмірдің соңғы жаңалықтары. Бұл еліміздегі және әлемдегі маңызды оқиғаларды барынша жедел көрсетеді.