Айдос Ербосынұлының командасы оның денсаулығына қатысты мәлімдеме жасады

Айдос Ербосынұлының командасы оның денсаулығына қатысты мәлімдеме жасады

Suleimen Promotions командасы қазақстандық боксшы Айдос Ербосынұлының денсаулығына қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Qazaqpress Instagram-дағы «Қазақстанның кәсіпқой боксы» парақшасына сілтеме жасап.

«АҚШ-тағы өкіліміздің сөзінше, боксшымыздың денсаулығы айтарлықтай жақсарды, соның ішінде физикалық жағдайы – Айдос өздігімен аяғын басып, жүре алады. Сондай-ақ боксшымыздың ақыл-есі жақсы. Онымен қоса, Айдос дәрігерлердің сұрағын түсініп, оларға оп-оңай жауап беріп жатыр. Мамандар мәліметіне сәйкес, Айдос тез сауығып келеді.

Өкіліміздің айтуынша, таяу уақытта боксшымыз ауруханадан шығарылып, ол отанына оралуы ықтимал.

Сондай-ақ АҚШ-қа Айдостың жұбайы келді. Қазір ол боксшының жанында. Әрине, ол үшін бұл үлкен қолдау», — деп мәлім етті Suleimen Promotions компаниясынан.

Еске салсақ, қараша айының басында қазақстандық боксшы кубалық Давид Моррельден нокаутпен жеңілген болатын.