6 тамыз күні Нұр-Сұлтан қаласында wi-fi интернет желісінің жұмысы тоқтады. Операторлардың сөзінше, техникалық жұмыстар атқарылуда, деп хабарлайды Qazaqpress.
6 тамыз күні шамамен сағат кешкі 21:00 аралығында Alma-TV компаниясының wi-fi интернет желісінің қызметі тоқтады. Оған қоса, ұялы байланыс деңгейі 2 тақтайшадан аспай отыр. Операторлар «техникалық жұмыстар жүргізілуде және ертең қосылу мүмкін», – деп болжады.
Online.kz сайтының мәліметінше, 07.08.2022 уақыты бойынша Нұр-Сұлтанда 02:00-ден 07:00-ге дейін жөндеу жұмыстары жүргізіледі. 03:00-ден 06:00-ге дейін байланыс тоқтау мүмкін. Алайда, Alma-TV компаниясының ресми сайтында техникалық ақаулықтар жайында ешқандай да хабарлама жарияланған жоқ.
Айта кетелік, егер wi-fi интернет желісімен ақаулықтар болса Alma-TV компаниясының байланыс номері арқылы тікелей операторларға көмекке жүгінуге болады. Әдетте, егер кемінде 3 күн интернет байланысы нашар болса не мүлдем жұмыс істемесе, сіз абоненттік офисте жеке кабинетіңіз арқылы шағым бере аласыз. Бірақ, толықтай қашықтықта жұмыс істейтін адамдар үшін бұл мүлдем тиімсіз шарт. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны, фрилансер Есмағамбетов Рамазанның айтуынша, интернет жұмысының жиі нашарлай бергенінің кесірінен тапсырыстар дедлайны күйіп, оның тікелей табысына әсер етуде.
Еске сала кетелік, Мәжілістегі «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске байланыс мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының қаралымы кезінде депутат Жанна Тельпекбаева «Пандемия және халықтың қашықтағы жұмыс режиміне көшу кезеңінде көрсетілетін байланыс қызметтерінің сапасының маңыздылығы артты, оны тұрғындардан түскен арыз-шағымдардың өсуінен байқауға болады. ӘҚБтК-нің «Байланыс саласындағы заңнаманы бұзу» 637-бабына сәйкес, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне салынатын айыппұл мөлшері 100 АЕК, жыл ішінде қайталап жасалған бұзушылық үшін 200 АЕК-ті құрайды. Бұл ретте ірі кәсіпкерлік субъектісі административтік заңының бұзылған фактісін мойындаса 50 немесе 100 АЕК көлемінде айыппұл төлеуге құқылы делінген.
Алайда Операторларға қосымша жабдық орнатудан немесе желіні басқа жолмен дамытудан гөрі айыппұлдың жартысын төлей салу ыңғайлырақ. Ал, оператор алдындағы міндеттемелерін тұрақты түрде толық орындап жүрген абоненттерге сапасыз тариф қатты әсер етуде», – деген болатын.
Сол себепті қазіргі таңда жаңа заң жобасында сапасыз интернет қызмет үшін төленетін айыппұл 1000 АЕК-ке дейін, ал заң бұзушылық қайталанған жағдайда айыппұл көлемі 1500 АЕК-ке дейін өсті.
Депутаттың айтуынша, бұл азаматтарды қорғап, ұялы байланыс операторлары арасындағы бәсекелестікті арттыруға септігін тигізу мүмкін.
Нашар мобильді интернет жұмысына байланысты шаралар қолдануда, ал wi-fi интернет желісінің нашар жұмысы үшін тұтынушы алдында кім жауап береді?
Көпшілігі біле бермейді, бірақ кез келген интернет-провайдер қызметі әр тұтынушының интернет сапасы жайлы есеп жүргізеді және wi-fi желісі өшкен уақыт аралығы үшін компания шығынды өтеуге міндетті. Бастысы бірден хабарласып, интернет желісінің жұмысы тоқтаған уақытын жазып алу керек. Ал, қалған мәлімет провайдердің базасында тіркеулі тұрады.
Әрине, бұл жайлы сізді ешкім өз еркімен ескертпейді. Дегенмен, құлақтандырылған – қаруланған демекші, ешкім де анық-қанығын сұрап, білуге құқығыңызды шектей алмайды.
Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз