Ұлттық қауіпсіздік комитеті мемлекетке опасыздық жасау және билікті басып алуға әрекет ету бойынша 15 істі қарап жатыр, деп хабарлайды Qazaqpress Ақорда сайтына сілтеме жасап.
Президентке бас прокурор Ғизат Нұрдәулетов «қасіретті қаңтар» оқиғасын тергеп-тексеру жұмыстарының барысы және рұқсат етілмеген тергеу әдістеріне қатысты азаматтар мен құқық қорғаушылардың мәліметтері негізінде қабылданып жатқан шаралар туралы баяндалды.
Қасым-Жомарт Тоқаевқа бүгінде 3070 қылмыстық іс қозғалғаны туралы мәлімет берілді. Оның 2710-ын, соның ішінде, негізінен, ұрлық, тонау, бұзақылық, қару ұрлау және басқа да қылмыстарды ішкі істер органдары тергеп-тексеріп жатыр.
Бас прокурордың айтуынша, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет құқық қорғау органдары қызметкерлерінің лауазымдық өкілеттіктерін асыра пайдаланғаны туралы азаматтардың шағымдары бойынша 173 істі жүргізуде. Мемлекетке опасыздық жасау, өкілеттіктерді асыра пайдалану және билікті басып алуға әрекет ету бойынша 15 іс Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қарауында жатыр. Сондай-ақ арнаулы прокурорлардың басшылығымен ведомствоаралық тергеу тобы жаппай тәртіпсіздіктер мен терроризм актілері бойынша 179 істі тексеруде.
Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз