«Қаладағы жағдай биліктің бақылауына алынды»: Сағынтаев Алматы тұрғындарына үндеу жолдады

«Қаладағы жағдай биліктің бақылауына алынды»: Сағынтаев Алматы тұрғындарына үндеу жолдады

Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев тұрақсыздандыру мен экстремистік әрекеттердің артында ішкі және сыртқы арандатушылар тұрғанын айтты, деп хабарлайды Qazaqpress Stan.kz-ке сілтеме жасап.

Қала әкімінің айтуынша, құқықтық тәртіп күштері жағдайды тұрақтандыру, қауіпсіздікті, бейбітшілік пен тыныштықты сақтау бойынша қажетті шаралар қабылдауда.

— Қазір қаладағы жағдай биліктің бақылауына алынды. Арандатушылар мен экстремистерді ұстап жатыр. Арандатушылар анықталуда. Әкімдік қала тіршілігінің барлық салаларын қалыпқа келтіру бойынша жұмыс жүргізуде. Біздің ортақ міндетіміз – мегаполисте тұрақтылық пен бейбітшілікті сақтау, бейбіт тұрғындарға қауіп төндірмеу. Барлық қала тұрғындарын арандатушылық пен заңсыздыққа бой алдырмауға шақырамын, – деді ол.

Бұдан бұрын Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алматыда 5 қаңтардан бастап төтенше жағдай режимін енгізу туралы Жарлыққа қол қойған болатын.

5 қаңтардың таңында президент Үкіметтің қызметінен кету өтінішін қабылдағаны белгілі болды. Енді Премьер-министр міндетін Әлихан Смайылов атқарады.