Нұр-Сұлтан жолдарында сары белгі пайда болды

Нұр-Сұлтан жолдарында сары белгі пайда болды

Нұр-Сұлтан жолдарында сары белгі пайда болды, деп хабарлайды Qazaqpress Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл ауа райы нашарлаған кезде жүргізушілердің зейінін арттыру үшін қажет екені айтылды.

— Астана аумағында пилот жоба аясында Мәңгілік Ел даңғылы бойында Ұлы Дала көшесінен Қабанбай батыр даңғылына дейін сары түсті тұтас қос жолақты қолдану бойынша тәжірибе түрінде жұмыс ұйымдастырылды. Сондай-ақ, бұл таңбаны Жеңіс және Сарыарқа даңғылдарында қолдану жоспарланып отыр, — деп хабарлады ведомство өкілдері.

Полицейлер нормативтік актілерде сары түсті белгілерге қолдануға тыйым салынбағанын атап өтті.

— Осы таңбаны пайдалану уақытында жол апаты жағдайларын зерделей келе Қазақстан Республикасының заңнамалық актілеріне, оның ішінде жол қозғалысы ережелеріне тиісті өзгерістер енгізіледі, — делінген хабарламада.

Сондай-ақ, ведомстводағылар сары таңба жүргізушілердің назарын жолға шоғырландыруға, сол арқылы қауіпсіздік деңгейін, әсіресе жауын-шашын кезінде арттыруға мүмкіндік беретінін түсіндірді.