Алматының бас мемлекеттік санитар дәрігері Жандарбек Бекшин қандай жағдайда қала толығымен карантинге жабылатынын айтты, деп хабарлайды Qazaqpress Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Жандарбек Бекшин онлайн-брифингте қолданыстағы карантин шараларын еске салды. Демалыс күндері қоғамдық көліктің, базарлар мен қоғамдық тамақтану нысандарының жұмысы шектелгенін айтты.
– Біз Қазақстанның бас санитар дәрігері белгілеген өлшемдерге сәйкес жұмыс істейміз. Оларды қолданамыз, күшейте аламыз, бірақ бұл шараларды жеңілдетуге болмайды. Статистика бойынша тиімділік бар. Шектеу шараларын жалғастыру қажет, – деді Жандарбек Бекшин.
Сондай-ақ, ол Алматы қандай жағдайда карантинге жабылып, локдаун жариялауы мүмкін екенін айтты.
– Бүгінде бізде 3400 төсек-орын бар, олардың жүктемесі 40 пайыздан аспайды. Сонымен қатар, 7 мың резерв төсек бар, бірақ резервтер де таусылуы мүмкін. Ауруханаға тәулігіне 500 адам жатқызылса, онда бір инкубациялық кезеңде барлық төсек-орын бос болмайды деген сөз. Бұған жол беруге болмайды.
Күніне 300 науқас жатқызылса да, қала локдаунға жабылады. Шараларды уақтылы қабылдамасақ, онда, әрине, барлығын толығымен жауып, тоқтатуға тура келеді. Біздің міндетіміз – бұған жол бермеу. Әлі кеш емес, – деді ол.
Сіз жаңалықтар туралы не ойлайсыз