Арыстағы оқушылар төбелесі: мәдениет үйінің директорына айыппұл салынды

Арыстағы оқушылар төбелесі: мәдениет үйінің директорына айыппұл салынды

Оқушылар арасында жаппай төбелесі болған Арыс мәдениет үйі директорына айыппұл салынды, деп хабарлайды Qazaqpress Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Бұл туралы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтанаев мәлімдеді.

— 2021 жылдың 22 ақпанында Түркістан облысы Арыс қаласының №4 мектебі 11 сынып оқушылары арасында «Жас сарбаз-2021» әскери дайындық бойынша мектепаралық конкурс өткізгені анықталды. Іс-шара Арыс қалалық мәдениет үйінде өткен.

Байқауды ұйымдастырушылар Арыс қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау басқармасына іс-шара өтетіні туралы хабарлаған жоқ, — деп хабарлады комитет өкілдері.

Карантин режимін бұзғаны үшін Мәдениет үйінің директорына айыппұл салынды.

— Оған ҚР ӘҚБтК-ның 425-бабы 1-тармағына сәйкес 230 АЕК (670 910 теңге. — ескерт.) мөлшерінде айыппұл салынды, — деп толықтырды ведомствоның ресми өкілі.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде жергілікті мәдениет үйінде оқушылар арасындағы төбелес түсірілген видео тарағаны хабарланған еді. Қазылар алқасы шешіміне наразы жасөспірімдер сахнада төбелес шығарған.