---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://qazaqpress.kz/2021/01/28/toqaev-sybajlas-zhemqorlyqqa-qarsy-is-qimyl-agenttigining-toeraghasy-alik-shpekbaevty-qabyldady/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевты қабылдады

![Тоқаев Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевты қабылдады](https://qazaqpress.kz/app/uploads/2021/01/9d366b10e08c8b249b50e0ad04f524c7-scaled.jpg)

**Президент Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Алик Шпекбаевты қабылдады, деп хабарлайды Qazaqpress Ақордаға сілтеме жасап.**

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Агенттіктің өткен жылы атқарған жұмысының негізгі нәтижелері жайында баяндалды.

Алик Шпекбаев Мемлекет басшысына Сыбайлас жемқорлыққа қарсы бастамалардың іске асырылуы және еліміздің Transparency International сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексі бойынша ілгерілегені туралы айтты. Агенттік төрағасының айтуынша, жүйелі жүргізіліп жатқан саяси жаңғыру мен сыбайлас жемқорлыққа қарсы реформалардың арқасында Қазақстан аталған рейтингте алғаш рет 38 балл жинаған. Бұл еліміздің 19 сатыға жоғары көтеріліп, 94-ші орынға табан тіреуіне мүмкіндік берген.

Қасым-Жомарт Тоқаев Агенттіктің шығындарды өтеу және тиімсіз жұмсалған қаржының алдын алу бойынша атқарған жұмысының нәтижесінде 95,6 миллиард теңгенің кері қайтарылғанын, оның экономикалық тиімділігін оң бағалады. Сондай-ақ сыбайлас жемқорлық қылмыстарының 5 пайызға төмендегенін атап өтті.

Мемлекет басшысы сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа заңнамалық бастамаларды сапалы түрде жүзеге асыруға және ЭЫДҰ мен ГРЕКО стандарттарына сәйкес салалық заңнаманы жаңғыртуды жалғастыруға, оның ішінде, шенеуніктердің шығыстары мен кірістері бір-біріне сәйкес келмегені үшін жауапкершілік енгізу мәселесіне назар аударды.

Кездесу соңында Президент Агенттік төрағасына жазаны бұлтартпай орындау қағидатын қатаң сақтаудың маңызды екенін айтып, қылмыстың алдын алу ісінде азаматтық қоғаммен байыпты жұмыс жүргізуді тапсырды.

---

Жарияланды: 2021-01-28T10:42:44+06:00

Жаңартылды: 2021-01-28T10:42:44+06:00

Авторлар: [Агзам Текенов](https://qazaqpress.kz/author/agzam-tekenov/)

Айдарлар: [Саясат](https://qazaqpress.kz/category/sayasat/)

Тегтер: 

---

Бұл беттің HTML-нұсқасы келесі мекенжай бойынша қолжетімді: https://qazaqpress.kz/2021/01/28/toqaev-sybajlas-zhemqorlyqqa-qarsy-is-qimyl-agenttigining-toeraghasy-alik-shpekbaevty-qabyldady/

---

Бұл материалды пайдалану барысында дереккөзге сілтеме жасау міндетті.

---

[Ақпараттық агенттігі Qazaqpress ](https://qazaqpress.kz/) — саяси және қоғамдық өмірдің соңғы жаңалықтары. Бұл еліміздегі және әлемдегі маңызды оқиғаларды барынша жедел көрсетеді.