Алматы маңында Алматы-3 теміржол вокзалын салу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Qazaqpress Krisha.kz-ке сілтеме жасап.
Бұл туралы Алматының Бас жоспарын түзетуді талқылау барысында «Алматыгипрогор-1» компаниясы бас директорының орынбасары Алтай Сатыбалдиев айтты.
Оның айтуынша, Алматы-3 вокзалының құрылысын бұған дейін «Қазақстан темір жолы» компаниясы ұсынған болатын. Бұл ұлттық компания үшін қосымша станция жүк ағынын түсіру үшін қажет.
«Сондай-ақ, бұл жолаушылар тасымалы үшін де маңызды. Сондықтан Саин көшесі өтіп жатқан Боралдай аумағында магистралды жолдар салуды және қаладан батыс бағытта Алматы-3 вокзалын салуды ұсынамыз. Онда Станция бар, тек вокзал салу керек. Осылайша бүкіл батыс аумақтар қамтылады. Алатау, Наурызбай аудандарының тұрғындары қалаға Алматы-2-ге кірмей-ақ келе алады. Осылайша, біз негізгі вокзалдың жүктемесін азайтамыз», — деді Сатыбалдиев.
Сатыбалдиев Алматыдағы теміржол торабының жалпы ұзындығы 69 шақырым екенін айтты. Ол торапқа Алматы-1 және Алматы-2 станцияларын қоса алғанда, тоғыз станция кіреді.
Discussion about this post