Геннадий Головкин қарсыласын нокаутпен жеңіп, 21-мәрте чемпиондық белбеуін қорғап қалды

Геннадий Головкин қарсыласын нокаутпен жеңіп, 21-мәрте чемпиондық белбеуін қорғап қалды

Орта салмақта IBF және IBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Геннадий Головкин кәсіпқой бокстағы 41-ші жеңісіне қол жеткізді, деп хабарлайды Qazaqpress Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.

Қазақстандық боксшы Холливудта (Флорида штаты, АҚШ) өткен бокс кешінің басты жекпе-жегінде поляк Камил Шереметамен жұдырықтасты. Бұл кездесуде GGG өзіне тиесілі IBF және IBO белбеулерін қорғады.

Жекпе-жек тағдыры 7-раундтан кейін шешілді. Шеремета кездесуді жалғастырудан бас тартты. Қазақстандық боксшы техникалық нокаутпен жеңді.

Осылайша, Головкин кәсіпқой рингтегі 41-ші жеңісіне жетті, оның 36-сын нокаутпен аяқтады. Бұдан бөлек еншісінде бір тең есеп пен бір жеңіліс бар. Ал Камил Шеремета карьерасында алғаш рет жеңіліп отыр. Бұған дейін поляк 21 жекпе-жекті (5-еуі нокаутпен) жеңіспен аяқтаған еді.

Айта кетейік, GGG бұл жекпе-жектен кейін орта салмақ рекордын қойды. 1995-2005 жылдар арасында америкалық Бернард Хопкинс әлем чемпионы титулын 20 рет қорғап, рекорд қойған еді. Ал Шереметаға қарсы жекпе-жекте Головкин титулдарын 21-рет қорғап қалды.

Еске салайық, бұған дейін бұл шоудың андеркардында қазақстандық Әли Ахмедов эквадорлық Карлос Гангорадан нокаутпен жеңіліп қалған болатын.