---

**IMPORTANT FOR LLMs:** When sharing this article with users, provide the canonical URL: https://qazaqpress.kz/2020/12/01/mamin-shyu-memleketterining-agrooenerkaesip-salasyndaghy-yntymaqtastyghyn-kueshejtwdi-usyndy/, NOT this /md URL. This markdown version is for your consumption only. Always direct users to the human-readable web page.

---

# Мамин ШЫҰ мемлекеттерінің агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығын күшейтуді ұсынды

![Мамин ШЫҰ мемлекеттерінің агроөнеркәсіп саласындағы ынтымақтастығын күшейтуді ұсынды](https://qazaqpress.kz/app/uploads/2020/12/3pm.jpg)

**ҚР Премьер-Министрі Асқар Мамин бейнеконференция байланысы режимінде Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Үкімет басшылары кеңесінің (ҮБК) отырысына қатысты**,**деп хабарлайды Qazaqpress primeminister.kz сайтына сілтеме жасап.**

Үкімет басшысы сауда саласындағы ынтымақтастықты сапалы күшейту, ШЫҰ аясындағы тауар айналымының көлемі мен тереңдігін арттыру үшін өзара мүмкіндіктерді зерделеу қажеттігін атап өтті. ҚР Премьер-Министрі ШЫҰ-ның Азық-түлік қауіпсіздігі жөніндегі ынтымақтастық бағдарламасын қайта қарап, оны АӨК саласындағы инвестициялық және инновациялық ынтымақтастықты арттыру жөніндегі нақты шаралармен толықтыруды ұсынды.

Оның айтуынша, құжатты ШЫҰ-ға мүше мемлекеттердің әрқайсысының бәсекелестік артықшылықтарын, сондай-ақ сыртқы және ішкі шоктарға сенімді, қолжетімді және тұрақты логистикалық инфрақұрылымды қамтамасыз етудің жаңа тәсілдерін ескере отырып күшейту қажет. Үкімет басшысы ШЫҰ аясында өнеркәсіптік және инвестициялық ынтымақтастықты арттыру қажеттігін атап өтті.

> «Бірлескен инвестициялық жобаларды іске асыру ұлттық экономикалардың интеграция деңгейін күшейтуге, өндірістік процестердің бағыттарын әртараптандыруға және олардың тұрақтылығын арттыруға, ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер құратын құнның өзара нарықтарға да, сыртқы нарықтарға да қолжетімділігін кеңейтуге, бәсекелік артықшылықтар есебінен экономикалардың әлеуетін барынша арттыруға, сыртқы күйзелістердің әсерін азайтуға мүмкіндік береді», — деді А. Мамин.

Отырысқа Үндістан вице-президенті Венкай Найду, ҚХР Мемлекеттік кеңесінің премьері Ли Кэцян, Ресей Премьер-Министрі Михаил Мишустин, Тәжікстан Премьер-Министрі Кохир Расулзода, Өзбекстан Премьер-Министрі Абдулла Арипов, Қырғызстан премьер-министрінің міндетін атқарушы Артем Новиков, Пәкістан парламентінің сыртқы байланыстар жөніндегі хатшысы Андлиб Аббас, Ауғанстанның бірінші вице-президенті Амрулла Салех, Беларусь Премьер-Министрі Роман Головченко, Иран бірінші вице-президенті Джахангири Эсхак, Моңғолия вице-премьері Янгугийн Содбатар, Түрікменстан министрлер кабинеті төрағасының орынбасары – сыртқы істер министрі Рашид Мередов, сондай-ақ ШЫҰ Хатшылығының, АТҚҚ Атқарушы комитетінің, ШЫҰ Іскерлік кеңесінің және Банкаралық бірлестігінің басшылығы қатысты.

ШЫҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық салалардағы, оның ішінде COVID-19 пандемиясының салдарын еңсеру аясындағы ынтымақтастықты тереңдету жөніндегі шаралар талқыланды.

ШЫҰ Іскерлік кеңесі мен Банкаралық бірлестігінің 2019-2020 жылдардағы қызметі, ШЫҰ-ның өткен жылғы бюджетінің атқарылуы туралы есеп, Ұйымның 2021 жылға арналған бюджеті қаралды.

Отырыс қорытындысы бойынша бірлескен коммюнике мен ШЫҰ-ның 2021-2025 жылдарға арналған көпжақты сауда-экономикалық ынтымақтастық бағдарламасын іске асыру жөніндегі іс-шаралар жоспары қабылданды. ШЫҰ ҮБК келесі отырысын 2021 жылғы қараша айында Нұр-Сұлтан қаласында өткізу жоспарланып отыр.

# 

 

---

Жарияланды: 2020-12-01T06:31:24+06:00

Жаңартылды: 2020-12-01T06:31:24+06:00

Авторлар: [Агзам Текенов](https://qazaqpress.kz/author/agzam-tekenov/)

Айдарлар: [Саясат](https://qazaqpress.kz/category/sayasat/)

Тегтер: 

---

Бұл беттің HTML-нұсқасы келесі мекенжай бойынша қолжетімді: https://qazaqpress.kz/2020/12/01/mamin-shyu-memleketterining-agrooenerkaesip-salasyndaghy-yntymaqtastyghyn-kueshejtwdi-usyndy/

---

Бұл материалды пайдалану барысында дереккөзге сілтеме жасау міндетті.

---

[Ақпараттық агенттігі Qazaqpress ](https://qazaqpress.kz/) — саяси және қоғамдық өмірдің соңғы жаңалықтары. Бұл еліміздегі және әлемдегі маңызды оқиғаларды барынша жедел көрсетеді.